Accessibility links

Донецкіде үш бейбіт тұрғын қаза тапты


Украинаның шығысындағы Дебальцево және Счастье қалалары маңында осы тәулік ішінде отыз шақты артиллериялық шабуылдар тіркелді. Арнайы операцияның ақпарат орталығы "Счастье қаласы маңындағы сепаратистердің түнде атыс қаруы мен зениттік құрылғылардан Украина әскерінің шебін атқылағанын" хабарлады.

Одан бөлек, сепаратистер Станично-Луганский маңындағы Могила Острая және Марьинка елді мекендері түбіндегі Украина армиясы позицияларын атқылаған.

Донецк қалалық кеңесі мәліметіне қарағанда, өткен түнде қаланың Куйбышев ауданында атыс болған. Снаряд түскен кейбір тұрғын үйлер бүлінген. Қаланың кей бөлігінде ауызсу жоқ.

Жұма күні Донецкідегі ұрыстар кесірінен үш бейбіт тұрғын қаза тауып, төрт адам жараланған. Олар қазір медицина мекемелерінде емделіп жатыр.

Өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" "премьер-министрі" Александр Захарченко бүгін брифинг өткізіп, "екі әскер арасында белгіленген бейбіт аймақтан ауыр артиллерияны әкету бес күннен кейін басталатынын" хабарлады.

Ол "Бүгін "тыныштық режимі" басталады. Егер ол бес күн бойы бұзылмаса, екі жақ та ауыр артиллерияларын алып кетеді" деген.

XS
SM
MD
LG