Accessibility links

Қырғызстанның гейлер жайлы заң жобасына АҚШ алаңдайды


Гейлерге қарсы акцияда тұрғандар. Бішкек, 27 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Гейлерге қарсы акцияда тұрғандар. Бішкек, 27 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бішкектегі АҚШ елшілігі Қырғызстан парламенті комитетінің мемлекет заңдарына гомосексуалдық қарым-қатынастарды ашық және жасырын түрде насихаттауға тыйым салатын өзгеріс енгізу туралы заң жобасына байланысты алаңдаушылық білдірді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Елшілік өзгерістер Қырғызстандағы «адам құқықтарына, демократиялық жетістіктер мен конституциялық кепілдікке» қауіп төндіреді деп санап, депутаттарды заң жобасына қарсылық білдіруге шақырған.

«Әлемдегі барлық халық еркіндікте өмір сүруге хақылы. Ешбір адам өзінің кім екендігіне және кімді ұнататынына байланысты дауыс беру құқығынан айырылмауы немесе түрмеге қамалмауы тиіс. Адамдардың белгілі бір тобын кемсітетін заңдар барлық адамның фундаменталдық құқықтарын бұзады. Азаматтық қоғамды барынша шектеу демократияға зардап келтіреді» делінген АҚШ елшілігі таратқан мәлімдемеде.

Өткен аптада қырғыз парламенті - Жогорку Кенештің білім комитеті гомосексуализмді насихаттауға қарсы заң жобасын мақұлдаған. Жобада «бір жынысты некені ашық және жасырын түрде насихаттау», гей клубтарды ашу сияқты іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қарастырылған. Заң жобасы парламенттің қарауына жіберілген.

XS
SM
MD
LG