Ресей рублінің АҚШ доллары мен еуроға шаққандағы бағамы тағы түсті. Үкіметтің таяуда рубльді нығайту бағытында қабылдаған шараларына қарамастан, 13 қазанда еуро бағамы 51.33 рубль, доллар – 40.49 рубль болды.
12 қазанда Ресей орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллина 3 қазаннан бастап рубльді қолдауға алты миллиард АҚШ доллары бөлінгенін мәлімдеген.
Ресейдің Қырымды аннексиялап алып, Мәскеудің Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсетуіне байланысты батыс елдері енгізген санкциялар салдарынан бірқатар ресейлік қаржы ұйымдары негізгі халықаралық институттардан несие ала алмайтын күйге түсті.
13 қазанда мұнай баррелінің бағасы 88 АҚШ долларына дейін төмендеуі экономикасы мұнайға тәуелді Ресейге қосымша кері әсер ете түскен.
Халықаралық валюта қорының есептеуінше, биыл Ресейден 100 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі капитал сыртқа кеткен.