Accessibility links

Грузияны Ресей-Абхазия келісімі алаңдатты


Грузия премьер-министрінің Ресеймен байланыс жөніндегі өкілі Зураб Абашидзе.
Грузия премьер-министрінің Ресеймен байланыс жөніндегі өкілі Зураб Абашидзе.

Грузия билігі Кремль Ресей мен Грузияның жікшіл Абхазия аймағының біріккен әскерін құру туралы ұсыныс жасаған деген ақпаратқа байланысты алаңдаушылық білдірді.

Грузия сыртқы істер министрлігі 15 қазанда Мәскеуді одақтастық пен интеграция туралы Ресей-Абхазия келісім жобасына қол қоймауға шақырды. Келісім жобасы 13 қазанда Абхазияның бірнеше ақпарат құралында жарияланған еді.

14 қазанда Грузия парламентінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Тедо Жапаридзе келісім жобасында Ресейдің Абхазияны «тікелей аннексиялап алуына меңзейді» деген. Ол Тбилиси Ресейдің бұл қадамына осы аптада Прагада өтетін Мәскеумен бейресми кездесулерден бас тарту арқылы қарсылық білдіруі тиіс деп санайды.

Грузия премьер-министрінің Ресеймен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Зураб Абашидзе Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасинмен 2012 жылы басталған диалог аясында кездесу үшін бүгін Прагаға кеткен. Абашидзе Ресей-Абхазия келісімі Прагадағы келіссөздерде талқыланатынын айтады.

2008 жылы тамыз айында Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның егемендігін танығаннан кейін Абхазия өзін Грузиядан іс жүзінде тәуелсіз санайды. Тбилиси Абхазияның «тәуелсіздігін» мойындамайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қарарларында Абхазия Грузияның құрамдас бөлігі ретінде аталған.

XS
SM
MD
LG