Accessibility links

"Коммерсант": Мәскеуде Әблязов ісіне қатысты күдікті ұсталды


Қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.
Қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Мәскеуде қуғындағы саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша ресейлік ұлтшыл Александр Поткин ұсталды деп хабарлайды Ресей ішкі істер министрлігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасаған ресейлік «Коммерсант» басылымы.

Полицияның дерегіне қарағанда, Поткин БТА банкінен 5 миллиард АҚШ долларын жымқыруға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аясында 15 қазанда ұсталған. Тергеушілер Поткинді серіктерімен бірге Мұхтар Әблязовтің атынан банктен Мәскеу түбінде жер телімдері ретінде заңсыз шығарылған активтерін бірнеше жыл басқарып, заңдастырумен айналысқан деген күдікпен ұстаған.

Қазақстан «БТА Банк» ісі бойынша негізгі күдікті санайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өткен жылдың жазынан бері Францияда қамауда отыр. Астана «қаржылық алаяқтық жасап, 6 миллиард доллар жымқырған» деп айыпталған Әблязовті Ресей және Украина сұратып отыр.

Мамыр айының соңында жергілікті БАҚ-тың бірі: «Жанболат Мамай мен Қазақстан қоғамына аса белгілі емес ресейлік ұлтшыл Александр Белов-Поткинге қатысты «ұлтараздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлаған еді. Бірақ Жанболат Мамай өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын, бұл істе тек куәгер екенін айтқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың «саяси астары барын» айтады.

XS
SM
MD
LG