Accessibility links

Путин Миланда Меркельмен кездесті


Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин. Рио-де-Жанейро, 13 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин. Рио-де-Жанейро, 13 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин 16 қазан күні кешке Миланда өтіп жатқан "Азия-Еуропа" форумы саммитінің аясында кездесті.

Путин Меркельмен кездесуге Сербияға жасаған сапарынан кешігіп барды. Кездесудің алдында Батыс ақпарат құралдары "Путиннің кешігуі себепті кездесу болмайды" деп хабарлап, оны Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне растаған еді.

Бірақ кейін Песков кешігіп өткен кездесуде "Украинаның оңтүстік-шығысындағы қарсы тараптарды бітістіру процесін аяқтау" сөз болғанын, бірақ Украина дағдарысын шешу мәселесінде Меркель мен Путиннің ұстанымдары бұрынғыдай үйлеспей тұрғанын мәлімдеді.

16 қазан күні Милан форумында сөйлеген Меркель "Ресейді Украинадағы қақтығысты тоқтату режимін толық сақтауға" шақырған. Меркель "Ресей бірінші кезекте Минскіде жасалған бітім шарттарының орындалуына ықпал етуі тиіс" деген.

16 қазан күні неміс ақпарат құралдары Ангела Меркель Украина президенті Петр Порошенкомен де кездескенін хабарлады.

Миландағы саммитке Шығыс Азия мен Еуропа Одағының 51 елінің мемлекет және үкімет басшылары қатысып жатыр.

XS
SM
MD
LG