Қазақстан үкіметі мұнай бағасының арзандауына байланысты 2015 жылғы бюджет жобасын қайта қарайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан инвестициялық форум арасында премьер-министр орынбасары Бақытжан Сағынтаев айтты.
Сағынтаевтың айтуынша, "үкімет келер жылдың бюджетін мұнайдың барреліне 80 долларға дейін арзандауы мүмкіндігін ескере отырып қайта қарайды".
Әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайдың бір баррелі маусым айындағы 110 АҚШ долларынан 20 пайызға (84 долларға дейін) құлдыраған.
Сарапшылар "мұнай бағасының арзандауына кейінгі үш жыл ішінде АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіру көлемін күрт ұлғайтып, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елге айналғаны, нарыққа шамадан көп шикізат шығуы, осыдан келіп өндірушілер арасында бәсеке күшейгені себеп" дейді.