Accessibility links

Лукашенко Украина дағдарысына Ресейді айыптады


Беларусь президенті Александр Лукашенко.
Беларусь президенті Александр Лукашенко.

Беларусь президенті Александр Лукашенко "Ресей болмағанда, Донецк және Луганск "халық республикалары" баяғыда-ақ жеңілетін еді" деп мәлімдеді.

Ол "Қанеки, бір-біріміздің алдымызда шынайы сөйлейікші: Ресей бұл территорияларды қолдап, қорғауға мәжбүр болып отыр. Мұның себептері де әртүрлі - жеке бас имиджі мен рейтингі, Ресейдің бауырларды қорғауы деген мәселелер бар" дейді.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Игорь Карнейдің хабарлауынша, бұл мәлімдемелерін Лукашенко жұма күні Минскіде Ресей журналистеріне сұхбат берген кезінде айтқан. Беларусь президенті журналистерден "Қырым мәртебесі туралы сұрақ қойып, қысым жасамауларын" өтінген, бірақ бұл мәселеде түбекті "үндеместен" Ресейге бере салып, өз аумағының бір бөлігінен бас тартқан Украина билігін айыптаған.

Беларусь лидері "Украинада қақтығыстар басталған бетте ешқандай әскери қимылдар жасалмауы керек екенін ескерттім" дейді. Лукашенконың пікірінше, "Ресейге ашық қарсы тұра алатын әлемдік державалар Украинада соғысқысы келмейді". Беларусь президенті "Алайда кейбір елдер мен блоктар біздің бір-бірімізді өз қолымызбен жайратып салғанымызды қалайды" деп мәлімдеді.

Украинадағы дағдарысқа Лукашенко осы елдің бұрынғы президенті Виктор Януковичті айыптап, "Украинада болған оқиғаларға сол кінәлі. Ия, ол билік үшін қан төгуге болмайтынын айтты. Бірақ қазір қаншама адамның қаны төгілгенін ешкім білмейді" деді.

Украинадағы дағдарысқа қатысты сөздерін түйіндей келе Беларусь президенті "Ресей наразы болса да, Киевтегі жаңа билікпен қарым-қатынастарын үзбейтінін" айтты.

Азаттық тілшісі саясаткерлердің Лукашенко сөздерін "Ресейге билігіне қарсы мәлімдемелер" деп сипаттап жатқанын айтады. Беларусь президенті Ресей қаржы министрлігінің әрекеттерін айыптаған.

Лукашенконың айтуынша, "Ресей қаржы басшылығының әрекеттері кесірінен Беларусь [кеден салықтарынан] бір жарым миллиард доллардан қағылған". Лукашенко "бұрынғы СССР елдерінде мұндай әрекеттерді "империялық пиғыл" деп атайды" деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG