Accessibility links

Ресейлік суретші денесін кесіп наразылық танытты


Ресейлік суретші Петр Павленский.
Ресейлік суретші Петр Павленский.

Петербургтік суретші Петр Павленский Мәскеуде «Бөліну» деген атаумен жаңа акция өткізді. 19 қазанда Сербский атындағы институттың шатырына шыққан Павленский ондаған адамның алдында құлағының ұшын кесті. Суретшінің жаңа акциясында түсірілген суреттерді Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Оксана Шалыгина жариялады.

Суретшінің мәлімдеуінше, ол акциясын психиатрияны саяси мақсатта пайдалануға қарсылық білдіру үшін жасаған. «Құлақтың ұшын денеден пышақ бөле алады. Психиатрлық аурухананың бетон керегесі дені сау қоғамды есі дұрыс еместерден бөліп тұрады. Психиатрияны саяси мақсатта пайдалануды жаңғырту арқылы полицейлік аппарат өзіне есі дұрыстар мен есі дұрыс еместердің арасын ажыратып тұру билігін қайтарады» деп мәлімдеген Павленский.

Суретшіні шатырдан полицейлер түсіріп, оған медициналық көмек көрсетілген.

Ерекше флеш-мобтар ұйымдастыруымен аты шыққан суретші Петр Павленский 2013 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңда дене мүшесін жерге шегелеп тастаған. Одан бір жыл бұрын суретші Pussy Riot панк тобының қуғын көрген мүшелеріне қолдау білдіріп, аузын тіккен еді.

Ақпан айында Павленский Петербургтегі храмдардың бірінің жанында Украинадағы Майданға қатысушыларды қолдау ретінде көлік шиналарын өртегені үшін ұсталған. Қазанның басында Ресей тергеу комитеті Павленскийге бұл акциялары үшін вандализмге қатысты айып таққан.

Суретшіні соңғы жылдары бірнеше рет психиатрлық сараптамаға жіберген, бірақ сараптаманың барлығы суретшінің ақыл-есі дұрыс деп тапқан.

XS
SM
MD
LG