Бүгін Алматыда бір топ үкіметтік емес ұйым өкілдері мектептердегі ата-аналардан заңсыз ақша жинаумен күрес акциясының аралық қорытындысын жариялады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Бір топ үкіметтік емес ұйым қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында мектептердегі ата-аналардан заңсыз ақша жинауға қарсы республикалық акция бастаған. Азаматтық белсенділердің айтуынша, «Білім туралы" заңның 63-ші бабына сай, «мектептерде ата-аналардан ақша жинау заңсыз" және онымен азаматтар бірлесе күресу қажет.
Акция кезінде кез-келген азамат 150 телефон нөміріне хабарласып, мектепте куә болған заңсыздық туралы хабарлай алады. Белсенділер әзірге ата-аналардан 300-ге жуық арыз түскенін және мұның аз көрсеткіш екенін айтады. "Азаматтардың заңсыздық жайлы хабарлауға енжарлығын" акцияны ұйымдастырушылар ата-аналарадың сенімсіздігімен байланыстарады. «Ата-аналар бірдеңе өзгереді дегенге сенбейді және балалары үшін қорқады», - дейді ұйымдастырушылардың бірі Мариана Гурина.
Акцияның түпкілікті нәтижесі қарашаның 15-інен кейін жарияланбақ.