Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін британдық Мартин Мюрреймен өткізетін болды. K2 Promotions және Golden Gloves промоутерлік компаниялары арасында осындай келісім жасалғаны туралы BoxingScene.com сайты хабарлады.
Головкин мен Мюррей 21 ақпанда Монако рингінде кездеседі.
Бұған дейін орта салмақта әлем чемпионы атағына таласқан британдық боксшы қазақстандық бәсекелесімен түйдей құрдас – екеуі де 32 жаста.
Кәсіпқой боксқа ауысқалы 31 рет рингке шығып, бірде-бірінде жеңілмеген Геннадий Головкин 28 жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа жіберген. Соңғы рет ол 18 қазанда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында өткен кездесуде мексикалық Марко Антонио Рубионы екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBO версиялары бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалған еді.