Accessibility links

Украина: сайлаудың алдын-ала нәтижесі шыға бастады


Украина орталық сайлау комиссиясының парламент сайлауының алдын-ала нәтижелерін көрсететін тақтасы. Киев, 27 қазан 2014 жыл.
Украина орталық сайлау комиссиясының парламент сайлауының алдын-ала нәтижелерін көрсететін тақтасы. Киев, 27 қазан 2014 жыл.

Украинада 26 қазанда өткен кезектын тыс парламент сайлауының алдын-ала нәтижесі елде батысшыл партиялардың жеңіске жеткенін айғақтап отыр.

Берілген дауыстардың 30 пайыздан астамы саналған кездегі нәтиже бойынша, сайлаушылардың 21.6 пайызының қолдауына ие болған президенттің «Петр Порошенконың блогы» мен 21.7 пайыз дауыс жиған премьер-министр Арсений Яценюктің «Халық майданы» блогы алда тұр.

Тағы бір батысшыл ұйым – «Самопомощь» партиясы 10.8 пайызбен үшінші боп тұр.

Порошенко 26 қазанда телеарнадан сөйлеген сөзінде сайлаушылар «Украинаның Еуропаға беталысын айқын қолдағанын» айтқан. Ол жаңа үкіметті жасақтау туралы келіссөздер дүйсенбіден басталатынын мәлімдеген.

450 орындық Жоғарғы Радаға енуі мүмкін партиялар арасында құрамына көпшілігі бұрынғы президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясының өкілдері кіретін «Оппозициялық блогы», Олег Ляшконың радикалдық партиясы мен экс-премьер Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы бар.

Бұған дейін парламентке қайта оралуы мүмкін делінген ұлтшыл «Свобода» партиясы мен Ресеймен қатынасты нығайтуға шақырған Украина коммунистік партиясы парламентке өтуге қажетті дауыс жинай алмаған.

XS
SM
MD
LG