Accessibility links

ЕО мен Украинаның ассоциация келісімі ішінара күшіне енді


Украина мен Еуропа Одағының тулары. (Көрнекі сурет)
Украина мен Еуропа Одағының тулары. (Көрнекі сурет)

Қарашаның 1-інен бастап Украина мен Еуропа Одағы арасында жасалған ассоциация келісімі ішінара күшіне енді. Осы күнге байланысты Украина президенті Пётр Порошенко Twitter әлеуметтік желісі арқылы отандастарын құттықтады.

Бұдан бір күн бұрын таратылған президент Порошенко мен Еуропа одағының және Еурокомиссия жетекшілерінің бірлескен мәлімдемесінде әзірше ассоциация туралы келісімнің құқық басымдылығы, қылмыс пен коррупцияға қарсы күрес сияқты маңызды салаларда қолданыс табатыны айтылған.

Екі тарап еркін сауда аймағын құру туралы бөлігін бір жылға кейінге – 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдыруға келіскен болатын. Бұған қоса Еуроодақ украиналық тауарларға преференция режимін тағы бір жылға созған.

Еуропа Одағымен ассоциация жайлы келісімді Украина Жоғарғы Радасы 16 қыркүйекте бекіткен.

Былтыр күзде Украинаның бұрынғы билігінен Еуропа Одағымен ассоциация және еркін сауда аймағы туралы келісімін бекітуді талап етуден басталған билікке қарсы жаппай наразылықтардың соңы елде жоғарғы биліктің ауысына алып келген еді.

XS
SM
MD
LG