Accessibility links

Брэнсон: Ғарыш туризмі жобасы жалғасады


Ричард Брэнсон (оң жақта) және Арнольд Шварценеггер SpaceShipTwo ғарыш кемесін таныстыру шарасы кезінде. (Көрнекі сурет)
Ричард Брэнсон (оң жақта) және Арнольд Шварценеггер SpaceShipTwo ғарыш кемесін таныстыру шарасы кезінде. (Көрнекі сурет)

АҚШ-та коммерциялық ғарыш туризмі саласын дамытуды көздейтін Virgin Galactic компаниясының басшысы миллиардер Ричард Брэнсон Калифорния штатындағы қайғылы апатқа қарамастан, жоба жалғаса беретінін мәлімдеді.

Бренсон жұма күні сынақ кезіндегі ғарыш кемесінің апаты өзіне төбеден жай түскендей әсер еткенін айтты. «Бірақ, біз қашанда білетініміздей, жұлдыздарға жол әрқашан өте қиын болады» деді ол.

Virgin Galactic компаниясы ғарышқа алғашқы коммерциялық туристерді 2015 жылы ұшыруды жоспарлаған еді. Жекеменшік ғарыш кемесі бортына алты жолаушыға дейін сиятындай етіп жасалған. Бір билетінің құны 200 мың доллар деп жарияланған ғарыш сапарына баруға ниет білдіріп, алдын ала жазылып қойғандардың саны қазірдің өзінде 500 адамнан асқан.

Жұма күні Калифорния штатының оңтүстігіндегі Мохаве даласында көп рет пайдалануға арналған SpaceShipTwo жеке меншік ғарыш кемесі әуеге көтеріле бергенде жарылып, салдарынан ұшқыштардың бірі мерт болып, екіншісі жараланған еді. Virgin Galactic компаниясы апат себебін анықтау үшін билік орындарына қажетті барлық мәліметтерді беруге дайын екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG