Accessibility links

Әзербайжан бензині Қазақстанға жетпеуі мүмкін


Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 8 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 8 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әзербайжан Қазақстанға берешек 6 мың тонна АИ-92 маркалы бензинді келісімде көрсетілген мерзімде жеткізіп беретінін растай алмай отыр деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» - өңдеу және маркетинг» (ҚМГ-ӨЖМ) компаниясы.

Компания ақпаратына сәйкес, 10 қазанда Әзірбайжаннан 6000 тонна АИ-92 маркалы бензин жеткізу жөнінде келісімшарт жасасқан Қазақстан жағы 14 қазанда 3000 тонна жанармай үшін алдын ала төлем жасап қойған. Келісім бойынша жанар-жағармай 10 қарашаға дейін жеткізілуі тиіс.

«Қазіргі уақытта контрагент Әзербайжаннан жоғары октанды жанар-жағармай түрлерін шетелге шығаруға уақытша тыйым салынғандықтан, келісілген көлемдегі жанар-жағармайды Қазақстанға жеткізу бойынша дайындығын растай алмай отыр» дейді ҚМГ-ӨЖМ. Егер контрагент өз міндетін орындамаса, ҚМГ-ӨЖМ келісімшартты бұзу және қаражатты қайтару шараларына кірісетінін ескерткен.

Осы аптада Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR мұнай компаниясы «Қазақстан жағынан ұсыныс барын» айтқанымен, әзербайжан бензині ішкі нарығынан артылмайтынын хабарлаған еді.

ҚМГ-ӨЖМ Қазақстандағы ішкі сұранысты өтеу үшін қазанда сырттан 42,3 мың тонна АИ-92 маркалы бензин сатып алғанын айтады. Ресей мен Беларусьтен 37,2 мың тонна бензин келесі айда келіп жетпек. Бұған қоса қараша айында осы екі елден қосымша 50 мың тонна АИ-92/93 жанар-жағармайы сатып алынады дейді ҚМГ-ӨЖМ.

XS
SM
MD
LG