Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапары бір күн кейінге шегерілді.
Бұл туралы Азаттыққа Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Ақорда "Атамбаев Қазақстанға қарашаның 6-7 күндері ресми сапармен келеді" деген ақпарат таратқан еді.
Бүгін Ақорданың баспасөз қызметі "Қырғызстан президенті Атамбаев Қазақстанға қарашаның 7-сі келетін болды. Оны ертең Ақордада Қазақстан президенті қабылдайды" деп хабарлады. Әзірге сапардың шегерілу себебі айтылмайды.
Сапар барысында екі ел басшылары негізінен энергетика саласындағы байланыс мәселелерін талқылайды. Бұған қоса Қазақстан-Қырғызстан мемлекетаралық кеңесінің отырысы да жоспарланған.