Accessibility links

Сот Громцеваға қатысты үкімді өзгертпеді


Жол апаты. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жол апаты. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Алматының Алмалы аудандық соты судьясы Гүлшара Шыныбекова Антонина Громцеваның адвокатының талабын - қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) оны айыпты деп тану туралы қаулысын жоққа шығару талабын орындамады.

17 қазанда Алматы қалалық ІІД тергеушісі Әлия Боранбаева Антонина Громцеваға "алматылық тұрғын Олжас Қосжанның қылмысына қатысты жалған шағым жасады" деген айып таққан қаулы шығарған. Громцеваға байланысты шағымды Қосжанның анасы Гүлжан Қайдарова берген.

Олжас Қосжанның бас еркіндігі "жол ережесін бұзып, жәбірленушінің - аяғы ауыр Антонина Громцеваның түсік тастауына себепкер болған" деген айыппен ақпанда екі жылға шектелген.

Үкім заңды күшіне енген соң бір жарым жылдан кейін жәбірленуші Громцеваға "жалған айғақ жасады", жол-көлік апаты кезінде оның аяғы ауыр болмаған деген айып тағылған. Антонина Громцева апат кесірінен жасанды түсік жасатқанын айтады.

Антонина Громцеваның адвокаттары Алмалы аудандық соты судьясының бүгінгі шешіміне байланысты Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасына шағымданбақ. Таяуда босанғанын, стресс кесірінен баласы шала туғанын айтқан Антонина Громцева бүгінгі сотқа қатыспады.

XS
SM
MD
LG