Нигерияның солтүстігінде ұл балаларға арналған мектепте болған бомба жарылысы салдарынан кемінде 47 адам қаза тапқан. Потискум қаласында мектеп оқушысы киімін киген террорист мектепте жүздеген оқушы таңертеңгілік жиынға тұрып жатқан сәтте рюкзагіндегі бомбаны жарып жіберген деген болжам айтылады.
Оқиғаның куәгерлері жарылыс болған жерде көптеген адамдардың қанға бөккен денелерін көргендерін айтқан. Ондаған оқушы жараланған.
Бұл террорлық жарылысқа «Боко Харам» қарулы исламшылар тобын айыптап отыр. Өткен аптада Потискумдегі шииттер мектебінде 30-ға жуық адамның өмірін қиған жарылысты да осы топтан көреді. Сәуір айында «Боко Харам» тобы Чибок қаласында мектепте оқитын 200-ден аса қыз балаларды ұрлап әкеткенін әлем қауымдастығы айыптаған.
БҰҰ биыл мамырда «Боко Харам» тобын «Әл-Қаида» ұйымымен байланысы бар террористік ұйым деп жариялап, санкциялар салған еді.