Шығыс Қазақстан облысындағы әскер кіргізілген ОВ 156/3 түзеу колониясында жеті тұтқын денелерін жарақаттаған деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокуратура ақпаратында қарашаның 10-ы күні колонияда «жоспарлы, құзырлы органдармен келісілген» тінту жұмыстары жүргізіліп, тұтқындарға ұстауға тыйым салынған ұялы телефон, өткір заттар тәркіленгені айтылған.
«Жеті тұтқын тінту жұмыстары мен тыйым салынған заттардың тәркіленуіне наразылық танытып, денелерін аздап жарақаттады. Дене жарақатына байланысты колонияға жедел-тергеу тобы барып, тергеу алды тексеру жүргізіп жатыр» дейді прокуратура.
Қарашаның 10-ы күні колонияға әскер кіргізілгені туралы хабарды естіген сондағы тұтқындардың туыстары облыс әкімдігіне барып, облыс және қалалық прокурорлармен кездескен.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің капитаны Қайрат Нурсалинов Азаттыққа түзеу колониясында жүргізілген «тінту кезінде денесін жарақаттағандар болмағанын» айтқан еді.