Accessibility links

АҚШ Армения тікұшағын атқанға алаңдайды


Әзербайжан қарулы күштерінің Таулы Қарабахта әскери тікұшақты атып түсіру сәті. 12 қараша 2014 жыл.
Әзербайжан қарулы күштерінің Таулы Қарабахта әскери тікұшақты атып түсіру сәті. 12 қараша 2014 жыл.

АҚШ Әзербайжан қарулы күштерінің этникалық армяндардың бақылауындағы Таулы Қарабах аймағының өз-өзін жариялап алған "қорғау күштерінің" тікұшағын атып түсіруіне байланысты алаңдаушылық білдірді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки "Оқиға аймақта шиеленісті бәсеңсітіп, жанжалды тоқтату режимін құрметтеу қажеттігін тағы да еске салады" деп мәлімдеді. Ол даулы Таулы Қарабах мәселесін "әскери жолмен шешу мүмкін емесін" айтты.

Әзербайжан әскері қарашаның 12-сінде Таулы Қарабах аймағына жақын аумақта әскери Ми-24 тікұшағын атып түсіріп, одан үш адам қаза тапқан. Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштеріне тиесілі Ми-24 тікұшағы әуелі әзербайжандық әскерилерге оқ атқанын, содан кейін ғана тікұшаққа қарсы жауап оқ атылғанын мәлімдеді.

Таулы Қарабах аймағының "өзін-өзі қорғау күштерінің" өкілі Давид Бабаян тікұшақ "жаттығу кезінде атып түсірілгенін және ол ешқандай әскери қимыл жасамағанын" айтады.

ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабах мәселесін реттеу жөніндегі, құрамына Франция, Ресей және АҚШ кіретін Минск тобы оқиға көп жылға созылған жанжалды түбегейлі реттеу жолдарын іздеуді жеделдету қажетін көрсетіп отыр деп мәлімдеді.

Армения қорғаныс министрлігінің өкілі оқиғаны "жағдайды шиеленістіруге әкеп соқтыратын арандатушылық" деп атады. Ол Әзербайжанның тікұшақтың оқ атқаны туралы мәлімдемесін "ақылға сыймайды" деп бағалады. Ереван өкілі "оқиғаның әзербайжан жағы үшін салдары ауыр болады және мұның барлық жауапкершілігі осы елдің саяси билігіне жүктеледі" деді.

XS
SM
MD
LG