13 қараша күні Астанада өткен қауіпсіздік кеңесінің жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемде Эбола секілді қауіпті вирустардың таралып келе жатқанын атап өтіп, елде сақтық шараларын күшейту қажеттігін тапсырған.
- Елде жұқпалы аурулар оның ішінде әлеуметтік, сонымен бірге жануарлардан жұғатын қауіпті аурулар, күйдіргі, бруцеллез ошақтары бар. Сонымен бірге Эбола вирусы секілді сырттан келетін қауіп-қатерлер де ұлғайып келеді. Халықты әртүрлі жұқпалы аурулардан қорғау мәселесіне мұқият түрде назар аударып, арнайы шаралар қолдану керек, - деген Нұрсұлтан Назарбаев.
Түрлі министрлік қатысқан қауіпсіздік кеңесінің жиынында бұдан бөлек, президент "трансшекаралық қауіп-қатер және биологиялық қауіп-қатер" мәселелері бойынша өзге елдер және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен әріптестікті жандандыру туралы да тапсырған.
Әлемде Эбола вирусының жедел таралуына байланысты Қазақстанда сақтық шаралары басталған болатын. Қазіргі кезде Астана, Алматыдағы халықаралық әуежайда шеттен келетін рейстерге Эболаға қарсы тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, ірі қалалардағы ауруханаларда Эбола дертіне байланысты арнайы жабдықталған палаталар дайындалған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) соңғы мәліметтері бойынша, Эбола дертінен қаза тапқандар саны бес мыңнан асқан.