ФИФА тергеушісі Майкл Гарсиа халықаралық футбол федерациясының Ресей мен Катардың әлем чемпионатын өткізу құқығына қалай ие болғанын тергеу ісін тоқтату шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, ФИФА-ның этика мәселелері бойынша төрешісі Йоахим Эккерттің қарашаның 13-інде жариялаған есебінде өзінің екі жыл бойы жүргізген тергеуінің нәтижелері бұрмаланып, кейбір дәлелдер мен фактілер көрсетілмей қалған.
Эккерттің тұжырымы бойынша, тергеу барысында анықталған кез-келген заң бұзушылық ФИФА-ның 2010 жылғы желтоқсанда өткізілген дауыс беру барысына әсер етпеген. Ресей ол дауыс беру нәтижесінде футболдан 2018 жылғы, Катар 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алған.
АҚШ-тың бұрынғы федералдық прокуроры Майкл Гарсиаға Ресей мен Катар чемпионат өткізу құқығын коррупциялық жолмен жеңіп алуы мүмкін деген ақпаратты тексеру тапсырылған.