Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Мамыр ауылында осыдан 3 тәулік бұрын жоғалып кеткен 11 сынып оқушысы Дулат Мырзағалиұлы табылды, деп хабарлады Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин.
Оқиға қарашаның 10-ы күні болған. Асау атты ерттеп мінген жасөспірім кешкілік үйіне оралмай қояды. Баланың ата-анасы болған жайтты ертеңінде полицияға хабарлаған.
Ырғыз ауданы Нұра селолық округінің әкімі Жолаушыбай Төлеубайұлы "Дулат Мырзағалиұлын полиция, құтқарушылар мен еріктілер 3 күн бойы іздеді. Адасып жүрген атты бала қарашаның 13-і күні кешкілік қыстауға көшіп бара жатқан малшыларға кездесіп қалған" дейді.
- Бала 100 шақырымнан астам жол жүріп, қалың тұманнан адасса да, тізгіннен айрылмаған. Қарны қатты ашқаны болмаса, денсаулығы жақсы. Аудан дәрігерлері тексеруінен өтті, - дейді Жолаушыбай Төлеубайұлы.