Ресей мемлекеттік думасы жұма күнгі отырысында әдебиет, музыка, бағдарламалық өнімдер және өзге салаларда (фотографиялардан басқа) авторлық құқықты бұзатын интернеттегі «қарақшылыққа қарсы» заң жобасын екінші және үшінші оқылымдарда қарап, қабылдады.
Заң жобасында авторлық құқық пен оны бұзған сайттарды бұғаттау жөніндегі дауларды сотсыз шешу мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба авторларының бірі, «Единая Россия» билік партиясының өкілі әрі Мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Сергей Железняк қабылданған құжат бойынша заңсыз ден саналған контентті интернеттен алып тастауға 24 сағат уақыт берілетінін мәлімдеген.
Оның айтуынша, егер автордың сұрауы бойынша даулы контент интернеттен алынбай, істі сот қараған жағдайда, құқық бұзушылық мерзімі автор сотқа талап арыз жазған күннен бастап емес, өз құқығын бұзған тарапты ескерткен сәттен бастап есептеледі және бұл контентті заңсыз пайдаланғаны үшін өтемақы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге, Мәскеу сотына авторлық құқықты бірнеше мәрте бұзған ресурстарды тұрақты бұғаттау жайлы шешім шығаруға құзыр беріледі.
Жаңа заң 2015 жылғы мамырдың 1-інен бастап күшіне енуі тиіс.