Бүгін Алматы қаласында Мақсат Үсенов есімді азамат жол-көлік апатына себепкер болған деген күдікпен ұсталған деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Полиция департаментінің ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, сенбі күні таңертеңгі 8 сағат 40 минут шамасында қаладағы Гагарин көшесінде жолдың қарсы бағытына шығып кеткен «Мерседес» автокөлігі «Тойота» жеңіл автомобилімен соқтығысып қалған. Оқиға салдарынан басынан жарақат алған «Тойота» көлігінің жүргізушісі – 38 жастағы әйел адам ауруханаға жеткізілген.
«Мерседес» автокөлігінің тізгінінде болған М.К.Үсеновті полиция патрулі дәрігерге тексеруге апарған. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы тексеріліп жатыр деп хабарлайды Алматы ІІД баспасөз қызметі.
Мақсат Үсеновтің өзімен хабарласып, түсініктеме алу мүмкін болмады.
Жергілікті ақпарат құралдары бүгінгі жол-көлік апатына байланысты ұсталған адам бұған дейін Алматыда бір адамды автокөлікпен қағып өлтіріп алған Мақсат Үсенов болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. 2013 жылы желтоқсанда Алматы көшелерінің бірінде Мақсат Үсенов BMW X6 жеңіл көлігімен көшеде алты адамды қағып, олардың бірі мерт болған еді. Оқиға орнынан қашып кеткен Мақсат Үсеновтің үстінен қозғалған іс кейін «тараптардың татуласуымен» жабылған. Биыл ақпанда Үсенов 45 күн әкімшілік қамауда отырып, сот шешімімен төрт жылға көлік жүргізушісі куәлігінен айырылған еді.
Осы Мақсат Үсенов пен сенбі күні жол-көлік оқиғасына қатысты ұсталған жүргізушінің бір я басқа адам екенін Алматы полициясынан анықтау мүмкін болмады.