Accessibility links

БҰҰ-да Қазақстанға сауал қойып жатыр


Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюро Қазақстанның азаптауға қатысты есебін тікелей трансляция арқылы көріп отыр. 17 қараша 2014 жыл.
Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюро Қазақстанның азаптауға қатысты есебін тікелей трансляция арқылы көріп отыр. 17 қараша 2014 жыл.

Бүгін БҰҰ-ның Женевадағы Азаптау жөніндегі комитетінде Қазақстанның азаптауға қатысты есебіне орай сауал қойылып жатыр.

Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов бастаған Қазақстан делегациясының құрамында әділет министрлігі, бас прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар өкілдері бар.

Қазақстанның бұған дейін 2008 жылы берген есебіне жасалған сын-ескертпелердің орындалуы туралы баяндамада елде "қылмыстық-процессуалдық заңнамалар, сот жүйесі жетілдіріліп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аттестациядан өткізілгені, тұтқындардан жауап алу мен қамауда ұстау кезінде олардың құқықтары кеңейтілгені, әйелдер мен балалардың құқықтары ерекше назарда ұсталатыны" айтылған.

БҰҰ-ның Азаптау жөніндегі комитеті өкілі Фелис Гайер Қазақстанның құқықтық реформалар жасап жатқанына қолдау білдіре келе, қазақстандық делегацияға кейбір саяси тұтқындарға қатысты бірнеше сұрақ қойды. Комитет өкілі 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабекті «түрме қызметкерлерінің азаптағаны, оған дер кезінде медициналық қызмет көрсетілмегені және таныстары жіберген сәлемдемелердің берілмегені» туралы шағым жасалғанын айтып, оған қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. Комитет өкілі құқық қорғаушы Зинаида Мухортованың психиатриялық клиникаға жатқызылуы қаншалықты заңды және оны бас еркінен осылай айыру заңды ма деген сұрақ қойды.

Фелис Гайер бұған қоса Жаңаөзендегі оқиғалар кезінде қамалғандардың да азапталғанын, жаңаөзендік тұрғын Базарбай Кенжебаевтың абақтыда полиция соққысынан кейін көз жұмғанын айтты. Ол БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэйдің кезінде Қазақстанды Жаңаөзен оқиғасына тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырғанын айтып, оның қалай орындалып жатқанын сұрады.

Қазақстанның есебі БҰҰ комитетінде дүйсенбі және сейсенбі күндері тыңдалады. Қазақстан жағы комитет өкілдерінің сұрақтарына ертең жауап беруі мүмкін.

Алматыдағы құқық қорғаушылар Қазақстанның Женевадағы есебін Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюрода тікелей трансляция арқылы көріп отыр.

XS
SM
MD
LG