Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков BBC-ге сұхбат беріп, Ресейге Украинаның НАТО-ға кірмейтініне "жүз пайыз кепілдік берілуі тиіс" екенін мәлімдеді.
Песков Мәскеу НАТО-ның "Ресей шекарасына жақындауын және күштердің арасалмағын бұзу әрекеттерін тоқтатқанын" көргісі келетінін айтады. Бірақ Песковтің сөзінше, ешкім Ресейге мұндайға кепілдік бермеген және бұл жағдай Мәскеудің "жүйкесіне тиіп, алдын-алу шараларын жасауға мәжбүрлеп отыр".
Батыс елдері Мәскеудің "НАТО бір уақыттары Ресейге бұрынғы совет республикалары есебінен шығысқа қарай кеңеймейтіндігіне уәде берген" деген мәлімдемесін бірнеше рет жоққа шығарған.
Қарашаның 17-сінде Украина президенті Петр Порошенко немістің Bild журналына берген сұхбатында өз елінің НАТО-ға кіруі туралы мәселе көтеруге әлі ерте деп мәлімдеген. Бұған дейін "Батькивщина" партиясы Украинаның НАТО-ға кіруі туралы референдум өткізуге тырысқан. Бірақ Украинаның орталық сайлау комиссиясы ол туралы бастамашыл топты тіркеуден бас тартқан.
Тамыз айының соңында Украина үкіметі Жоғарғы радаға елдің ешқандай блокқа кірмейтіні туралы мәртебесінен бас тарту жөніндегі заң жобасын ұсынған.