Қарашаның19-ына қараған түні Украинаның шығысында сепаратистер украин әскерінің бақылауындағы Донецк әуежайына тағы шабуыл жасады. Украинаның шығысындағы арнайы операцияның баспасөз қызметі шабуылдың тойтарылғанын хабарлады.
Минскіде жасалған келісім-шартқа қарамастан Донецк әуежайындағы әскери қимылдар тоқтамай тұр.
УНИАН агенттігі мен "Украинская правда" басылымының хабарлауынша, Донецкінің өзінде де кеше түнде жарылыс пен дүркін-дүркін атыс дауыстары естілген.
Украин әскерилерінің дерегінше, соңғы бір тәулікте атысты тоқтату режимі 40-тан көп рет бұзылған. Сепаратистер украин күштерінің Бахмутка жолындағы, Счастье, Углегорск, Каменка, Никишино, Малоорловка және Майорск қалаларындағы позицияларын "Град" қондырғысымен және минометтерден атқылаған. Шабуылдардан екі украин сарбазы қаза тауып, 13-і жараланған.
Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Луганск облысындағы сепаратистер жетекшісі Игорь Плотницкий ашық хатында "соғысты тоқтату үшін" Украина президенті Петр Порошенконы жекпе-жекке шақырған. Плотницкий Порошенкоға жекпе-жек өткізетін орынды таңдауды және қаруды өзі таңдауды ұсынған.