Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті төрағасының орынбасары Нұржан Теңлібаев "бірнеше күннен бері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жүк көліктері ары қарай өте алмай, көлік кептелісі пайда болды" деген хабарды растады.
"Өзбек жағының кедендік рәсімдеу, кедендік бақылау қызметі баяу істеп жатыр. Дезинфекциялық тосқауыл дейді. Жолдарында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан еді. Сол себепті қазіргі кезде көліктер тек жолдың бір жағымен ғана өтіп жатыр. Өзбекстан өкілдерімен кездестік, сөйлестік. Кешеден бастап өткізетін көліктер санын ұлғайтты. Кеше 71 жүк көлігі біз жаққа кірді, 64 көлік әрі қарай шықты" деді Нұржан Теңлібаев Азаттыққа.
Күніне жүздеген жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі бар «Ялама» кеден бекеті 19 қарашаға дейін күніне 20-30 жүк көлігін ғана өткізген. Маман шекарадағы көлік кептелісін азайту үшін әлі бір-екі күн керек екенін айтады.
Бұл мәселе жайлы Өзбекстан ресми өкілдерінің пікірін білу мүмкін болмады.