Accessibility links

Ауған парламенті АҚШ және НАТО-мен келісімді бекітті


Ауғанстан парламентінің спикері Абдул Рауф Ибрахими.
Ауғанстан парламентінің спикері Абдул Рауф Ибрахими.

Ауғанстан парламенті АҚШ үкіметімен және НАТО ұйымымен қауіпсіздік туралы екіжақты келісімдерді мақұлдады. Бүгін парламент спикері Абдул Рауф Ибрахими депутаттардың көпшілігі келісімді қолдап дауыс бергені туралы мәлімдеген.

Халықаралық әскери күштердің жыл соңына дейін Ауғанстанда қалуына рұқсат беретін бұл екі құжатқа Ауғанстанның жаңа үкіметі биыл күзде қол қойған. Парламент бекіткен келісімдерге сәйкес, ауған қарулы күштеріне қолдау көрсету үшін АҚШ пен НАТО келесі жылы Ауғанстанда 12 мыңдық әскер ұстауға мүмкіндік алып отыр.

Бұған дейін Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай бұл келісімдерге қол қоюдан бас тартып келген еді.

Осы аптада New York Times газеті АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстанда қалатын америкалық әскерилердің іс-әрекет өрісін кеңейтуді көздейтін «құпия» құжатқа қол қойғаны жайлы хабарлаған еді. Басылымның жазуынша, Ауғанстанда қалатын АҚШ әскеріне бұл елде өздеріне немесе ауған билігіне қауіп-қатер төндіретін содырларға, соның ішінде Талибан күштеріне қарсы операциялар жүргізу құзіреті беріледі. Сонымен бірге, ол құжатта қажет болған жағдайда АҚШ әскери-әуе күштерін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған делінеді.

XS
SM
MD
LG