АҚШ-тың Огайо штатындағы Кливленд қаласының ауруханасында полицияның атқан оғынан жараланған 12 жастағы ұл бала көз жұмды.
Жергілікті полиция мекемесінің хабарлауынша, жеткіншек ойын алаңында тапаншасын арлы-берлі кезенген. Кейін баланың қолындағы пневматикалық тапанша екені, бірақ әскери тапаншаның айна-қатесіз көшірмесі екені анықталған.
Полиция офицері жеткіншекке қаруын тастап, қолын көтеруді бұйырған, бала талапқа бағынбаған соң полиция оған екі рет оқ атқан. Жеткіншек ішіне тиген оқтан ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер операция жасағанымен, оның өмірін құтқара алмады.