Accessibility links

ЕҚЫҰ ADAM bol журналын жабуды сынады


ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығын қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятович.
ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығын қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятович.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркін қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятович Қазақстан сотының ADAM bol журналын жабу туралы шешімін «елдегі сөз бостандығына қауіп төндіреді» деп сипаттаған. Мәлімдеме мәтіні ЕҚЫҰ-ның ресми сайтында жарияланған.

«Бұл қатаң шаралар шағым талаптарына сай келмейді. Бұл Қазақстандағы плюрализмге қауіп төндіріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бойында үрей тудырады» дейді Миятович.

Ол бұған қоса журналдың жабылуы жайында жазған Азаттық сайтының, «Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы мен vlast.kz сайтының мақалалары да ашылмай, бұғатталып қалғанын айтқан.

Қарашаның 20-сы күні Алматының Медеу аудандық соты ADAM bol журналын «соғысты насихаттаған» деп айыптап, оны жабу және тіркеу куәлігінің күшін жоюды сұраған қалалық ішкі саясат басқармасының шағымын қанағаттандырып, басылымның қызметін тоқтатқан еді.

ЕҚЫҰ есебі бойынша, 2013 жылдың соңынан бері Қазақстанда «әкімшілік құқық бұзды» және «экстремистік көзқарастарды жариялады» деген айыптар тағылған 30-дан аса бұқаралық ақпарат құралы жабылған.

XS
SM
MD
LG