Грузия прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге Грузия Біртұтас банкінің сыртқы байланыстар департаментінің басшысы Сандро Гиргвлианидің өліміне қатысы бар деген айып тақты.
Гиргвлиани 2006 жылы қаңтарда Тбилиси маңындағы барда ішкі істер министрлігінің жоғары шенді бір топ шенеунігімен сөзге келіп қалғаннан кейін өлі күйінде табылған. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық іздері бары анықталған. Банкирдің өлімін тергеуге құқық қорғау органдарының құлықсыздығы Саакашвили үкіметін сынға қалдырған еді.
Прокуратураның мәлімдемесінде Саакашвили сол кезде ішкі істер министрі болған Вано Мерабишвилимен бірге Гиргвлианидің ісіне қатысты айғақтарды қолдан жасады деп айыпталады. Мерабишвили өткен айда Гиргвлианидің өліміне қатысты үш жылға сотталған. Саакашвилиге бұған дейін бірнеше қылмыстық іс бойынша айып тағылған.
Президенттік өкілеті аяқталған соң Грузиядан кетіп қалған Михаил Саакашвили қазір АҚШ-та тұрып жатыр.