Accessibility links

Тұтқын Владимир Козловтың шағымы бойынша сот өтеді


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Алматы маңындағы ЛА 155/14 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың шағымы бойынша азаматтық іс желтоқсанның 5-і күні сотта қаралады. Козлов өзіне көбірек сәлемдеме және кездесу (колониядан тыс кездесу мүмкіндігі де бар) алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген режимге ауыстыруды сұраған өтінішін орындаудан бас тартқан түрме әкімшілігінің «тұтқынның төрт сөгісі бар» деген уәжімен келіспей сотқа жүгінген. Бұл туралы қазақстандық белсенді Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі парақшасында хабарлаған.

Азаматтық іс бойынша сот тағайындалатыны туралы Қапшағай қалалық сотының судьясы Ж.Жанболатов қарашаның 27-і күні қол қойған сот анықтамасы Қазақстан сот органдарының бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесінің сайтында жарияланған.

Құжатта желтоқсанның 5-і күні сағат 16.00-де Қапшағай қалалық сотында басталатын ашық сот отырысына Қапшағай қаласының прокуроры, шағым иесі Владимир Козловтың өкілі және жауапкер ретінде ЛА 155/14 мекемесінің бастығын шақыру туралы айтылған.

Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина азаматтық іс бойынша сотқа шағым иесі тұтқынның өзін де қатыстыруды сұрап судьяға өтініш беретіндерін айтты.

«Сотқа Владимир Козловтың қатысқаны маңызды, себебі, шағымға негіз болған оқиғаның жай-жапсарын сотқа оның өзі айтып бергені жөн деп санаймыз» деді Төреғожина бүгін Азаттыққа.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов қазір Алматы маңындағы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін Еуропа парламенті Қазақстандағы адам құқығы ахуалына қатысты қарарында «Козлов саяси астары бар себептермен қудаланып отыр әрі оған қарсы қылмыстық іс қолдан жасалған» деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл айыптаумен келіспейді. Владимир Козловтың сотталуына қатысты АҚШ та алаңдаушылық білдірген.

XS
SM
MD
LG