Сирияның Түркиямен шекарасы маңындағы Кобани қаласында болған ұрыстар барысында «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының ондаған мүшесі оққа ұшқан. Бұл туралы Ұлыбританияда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) құқық қорғау ұйымы хабарлады. Ұйым дерегі бойынша, содырларға қарсы соғысып жатқан күрд жасақтарына ИМ жанкештілерінің шабуылы кезінде және халықаралық коалицияның экстремистер позициясына әуеден берген соққысынан кемінде 50 содыр өлген.
SOHR жетекшісі Рами Абдел Рахманның сөзінше, Ракка провинциясында 30-ға жуық әуе шабуылы жасалып, ИМ күштері арасында шығын болған.
ИМ тобы былтыр Ракка қаласын басып алып, өздерінің астанасы деп жариялаған еді. Өткен аптада Сирия әскери әуе күштерінің жасаған шабуылынан кемінде 95 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Кейбір ақпараттарда ол шабуылда қаза болғандардың көпшілігі бейбіт тұрғындар екені айтылады.