Қазақстандық белсенділер бүгін Алматыдағы Франция бас консулдығына барып, Франция президенті Франсуа Олландтың атына хат тапсырды.
Белсенділер "Әблязовты тиімді келісімдерге сатпаңыз" деп аталатын хатта француз сотының қазақстандық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы шешіміне алаңдаушылық білдіреді.
Хатта постсоветтік елдер арасындағы келісім Мұхтар Әблязовтың "Ресей мен Украинадан ары қарай Қазақстанға жөнелтілуіне мүмкіндік жасайтыны" айтылады. Белсенділер Олландтан "Әблязовты саяси жазалауға Францияны қатыстырмауды" сұрайды. Олар Әблязовтің ісіне қатысты ақтық шешімді "Олланд үкіметі қабылдайтынына" назар аударған.
Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Әблязовтың экстрадициясына алаңдаушылық білдірген мұндай хат Францияның Астанадағы елшілігінің электрондық почтасына, Франция президентінің сайтына және Facebook-тегі парақшасына жіберілген. Хатқа 91 адам қол қойған.
Хат Франсуа Олландтың Қазақстанға желтоқсанның 5-інде жасайтын сапары қарсаңында тапсырылып отыр.
Францияның Лион қалалық соты 2014 жылы қазанның 24-і күні қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға шешім шығарған. Сот Әблязовқа кассациялық сотқа шағым жасауға үш ай мұрсат берген. Әблязовтың туыстары мен құқық қорғаушылар Қазақстанда оны азаптау мен әділетсіз сот күтіп тұрғанын айтып, Францияны Мұхтар Әблязовты сұраған елдердің ешқайсысына бермеуге шақырған.
БТА банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов 2013 жылы Францияда тұтқындалған еді. Қазақстан, Ресей мен Украина оны «қаржылық қылмыс жасаған» деп айыптайды. Ал Әблязов Қазақстан өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді.