Accessibility links

ҚМДБ "жиһадшыларға" байланысты мәлімдеме жасады


Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты.
Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Сирия мен Иракта соғысып жүрген қазақстандықтарға байланысты мәлімдеме жасады. ҚМДБ ол елдердегі "діни дүрдараздық пен бүлік тудырушылар қатарына қосылған, қару алып жиһадқа шыққан Қазақстан азаматтарының әрекетін қатаң айыптайтынын" айтады.

ҚМДБ жуырда интернетте жарияланған "Жиһадшы балалар" видеосындағы балаларды сыртқы күштердің ықпалы мен арбауында кеткендер деп сипаттайды.

Қазақстандықтардың өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысуы "мұсылманшылыққа жат, шариғатқа қайшы" екенін мәлімдеген ҚМДБ-ның пікірінше, "қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес".

Ирак пен Сириядағы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының құрамында 300-ден астам қазақстандық соғысып жүргенін жуырда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Нұртай Әбіқаев та растаған еді.

«Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшылар» туралы мәлімет 2013 жылы қазанда YouTube-те жарияланған бір видеодан соң тарай бастаған. Азаттық тілшілері журналистік зерттеулер барысында видеодағы кейбір адамдардың аты-жөнін анықтап, олардың Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында және Кеңгір ауылында тұратын туыстарымен тілдесіп қайтқан. Сирияға кеткен жақындары «алданып, біреулердің арбауына түсіп қалғанын» айтқан тұрғындар Қазақстан билігінен туыстарын «аман-есен елге қайтаруды» сұрап өтініш жазған.

XS
SM
MD
LG