Украина билігі мен ресейшіл сепаратистердің мәлімдеуінше, Донбасста жаңа бітім жасалды. Минск келісіміне сай жасалған бітім желтоқсанның 9-ынан бастап күшіне енуі тиіс.
Украина президенті Петр Порошенконың айтуынша, жаңа бітімнің шарттары қыркүйектің 5-і күні Еуропа Одағының араласуымен Минскіде жасалған келісімге қосылған. Бірақ қыркүйекте жасалған бітімде соғысушы тараптар нақты қай күні қаруын тастауға міндеттелгені көрсетілмеген.
Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" парламентінің спикері Андрей Пургин қақтығысты тоқтату туралы бітім Минскіде жасалған келісімнің бір бөлігі екенін растады.
Украинаның шығысында сәуір айында басталған әскери қимылдардан 4 мың 300-ге жуық адам мерт болды.