Accessibility links

БҰҰ: Төреғожинаның бейбіт жиын өткізу құқығы бұзылған


Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі парақшасында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті өзінің 2010 жылы Қазақстан билігінің бейбіт наразылық акцияларын өткізу құқығын бұзғанына берген шағымына қатысты шешім шығарғанын хабарлады.

Азаттықпен телефонмен сөйлескен Төреғожина БҰҰ комитетінің шешімі қазанның 21-і күні шығып қойғанын, бірақ ол туралы ақпаратты Женевадан кеше, желтоқсанның 4-і күні кешке алғанын айтты.

БҰҰ комитетінің Бақытжан Төреғожинаның шағымы бойынша шығарған шешімінде Қазақстан билігі Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 9-бабы ("Жеке өмірге қол сұқпау"), 19-бабының ("Пікірін білдіру еркіндігі"), 21-бабының ("Бейбіт жиын өткізу еркіндігі") ережелерін бұзғаны айтылады. Төреғожинаға 2010 жылы Махатма Ганди ескерткіші жанында флеш-моб өткізгені үшін әкімшілік айыппұл салынған еді.

Комитет мемлекет Бақытжан Төреғожинаның "бұзылған құқықтарын қалпына келтіруі, оның ішінде сот шығындарын өтеп беруі тиіс" деген шешім шығарған.

Төреғожина Азаттыққа БҰҰ Комитеті шешімінің негізінде өзіне келген моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық шағым түсіретінін айтты. Бірақ ол шағым беруге, оның ішінде өтемақы мөлшерін анықтап алу сияқты мәселелерді ойластыруы үшін уақыт қажет дейді.

Бақытжан Төреғожина мен тағы бірнеше адам 2010 жылы наурыздың 11-інде Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші жанында флеш-моб өткізген. Акцияға қатысушылар көшеде өткендерден "қазақстандықтардың рухани жетекшісі кім?" деп сұраған.

XS
SM
MD
LG