Франция президенті Франсуа Олланд бүгін Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, мұнай-газ, ғарыш саласы және теміржол көліктерін құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Кездесуде Назарбаев пен Олланд халықаралық және аймақтық кейбір мәселелер жайында да пікір алмасқан.
Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанда 100-ден астам француз компаниясы, көптеген бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді.
Олланд Назарбаевпен Ресей мен Еуропа елдері арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен тұста кездесіп отырғанын айтқан. "Мен бұл шиеленіс шешілгенін және мұнда сіздің еліңіздің ерекше рөл атқарғанын қалаймын" деген.
Франсуа Олландтың Қазақстанға бүгін басталған сапары ертең де жалғасады.