Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция президенті Франсуа Олланд Алматыда "Сорбонна-Қазақстан" институтын ашты. Бұл туралы Ақорданың twitter парақшасы хабарлады.
"ҚазАқпарат" агенттігінің хабарлауынша, институттың ашылу салтанатында сөйлеген Франция президенті Франсуа Олланд «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында ашылған «Сорбонна-Қазақстан» француз институтының болашағы зор. Біздің мақсатымыз - бұл институтты көпфункциялы ғылыми орталыққа айналдыру. Болашақта онда мықты кәсіби кадрлар даярлау жүйесі жолға қойылады. Әртүрлі ғылыми бағытта зерттеулер жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, «Сорбонна-Қазақстан» француз институты Қазақстанның игілігі үшін қызмет етуі тиіс» деген.
Ақорда сайты салтанатты шарада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Біз білім беру саласын әлемдік стандарттарға жақындатуға бет алдық. Бізге әлемге танымал университеттердің келуі бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді" дегенін хабарлады.
Алайда Қазақстанның ЖОО-ларында жемқорлық мәселесі әлі өзекті күйінде қалып отыр. Студенттер сессия емтихандарын тапсыру кезінде оқытушыларға пара беретіндерін айтады. Қазақстан ЖОО-лары әлемнің үздік университеттері рейтингіне көбінесе ілінбей қалып жатады.