Accessibility links

Прокуратура "Рысқалиев тобына" шыққан үкімге қарсылық білдірді


"Бергей Рысқалиев тобының" ісі бойынша сот отырысы. Атырау, 14 қараша 2014 жыл.
"Бергей Рысқалиев тобының" ісі бойынша сот отырысы. Атырау, 14 қараша 2014 жыл.

Атырау облыстық прокуратурасы облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды делінген "қылмыстық топқа" қатысты шыққан үкімнің кейбір тұстарына апелляциялық қарсылық білдірді деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Прокуратура Атырау облыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының қарашаның 14-інде шығарған үкімінің кейбір бөлігін "заңға қайшы" деп санап, жазаны күшейтуді сұраған.

Прокуратура соттың "Актобехаусконстракшн" және "BNB Construction" ЖШС бас есепшісі Гүлмира Әзбергенованы "айыбы дәлелденбеді" деп босатуына, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімовті, "Госэкспертиза" РМК директоры Ұлан Құралбаевты, облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Кенжебековті және тағы бірнеше сотталған азаматтарды кейбір айып бойынша ақтап, "жеңіл жаза тағайындағанына" наразылық білдірген. Прокурорлар апелляциялық қарсылығында сотталғандардың жазасын қайта қарап, Әзбергенованы 8 жылға соттауды, қалғандарына жазаларын күшейтуді сұрайды.

Қарашаның 14-інде судья Гүлмира Дәулетова төрағалық еткен сот "Рысқалиев тобындағы" 22 адамның 15-іне бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, оның 8-ін сот залында қамауға алған. Оларға "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет өкілетін асыра пайдаланды", "алаяқтық жасады", "жалған құжат жасады" және тағы басқа айыптар тағылған.

«Рысқалиевтің 22 адамдық тобына» байланысты іс Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен кеткен соң қозғалды.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы «Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап келгенін» хабарлаған еді.

Қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы 9 серігіне қатысты қылмыстық іс жеке қаралады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG