Accessibility links

Өтембаевты босатуға қарсы шағым Өтембаевсыз қаралып жатыр


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге "тапсырыс беруші" Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге "тапсырыс беруші" Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.

Бүгін Астана қалалық қылмыстық істер сотының апелляциялық алқасында саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен серіктерінің Ержан Өтембаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот шешіміне қарсы шағымы қарала бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сот Ержан Өтембаевтың қатысуынсыз өтіп жатыр. Судья Алма Есімова қалалық ауруханадан Өтембаевтың "жүрек ауруынан" емделіп жатқаны туралы хат алғанын айтты.

Қарашаның 7-сі күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты сотталушы Ержан Өтембаевты (сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі) түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім шығарған. Сол шешім бойынша, Өтембаев өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күндік жазасын орындаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бірақ шағымданушы жақтың өкілдері бұл шешімге қарсылық танытып, шағым түсірген.

Желтоқсанның 3-і күні судья Алма Есімова алқа сотының отырысын желтоқсанның 10-ына шегерген. Оған шағымданушы жақтың өкілдері Рысбек Сәрсенбай, Маржан Асфандиярова және Төлеген Жүкеев сотқа Ержан Өтембаевтың өзінің қатысуына өтініш білдіруі себеп болған. Астана шетіндегі 166/10 колониясының отряд басшысы Самат Кәкенов сот отырысына Өтембаевтың денсаулығына байланысты қатыса алмайтынын, оның «инфаркт алып, қалалық ауруханаға түскенін» айтқан болатын. Судья сол күні Өтембаев желтоқсанның 10-ына дейін оңалмаса да шағым қарала беретінін айтқан.

2006 жылы ақпан айында Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сол 2006 жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп, оны 20 жылға соттаған. Бірақ 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.

Жоғарғы сот былтыр 19 желтоқсан күні Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген. Биыл ақпанның 3-і күні Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығып, оны "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға соттаған. Ол өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішті биыл қазанда жазған еді.

XS
SM
MD
LG