Ресей парламентінің төменгі палатасы - Мемлекеттік дума Арменияның Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіруі туралы келісімді мақұлдады. Келісім мақұлданған желтоқсанның 10-ындағы жиынға думаның 450 депутатының 441-і қатысты. Олардың 440-ы келісімді қолдап дауыс беріп, біреуі қарсы болды.
Думаның ТМД, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істерң бойынша комитетінің басшысы Леонид Слуцкий дауыс беруге дейін Арменияның ЕАЭО-ға кіруі - "одақ үшін маңызы бар оқиға" деп мәлімдеген. Бұған қоса Слуцкий Таулы Қарабахпен байланысты барлық дау шешіліп, Армения ЕАЭО-ға халықаралық деңгейде танылған шекарасымен кіретінін айтқан.
Арменияның ЕАЭО-ға кіруі туралы келісімге биыл қазанның 10-ында Минскіде Ресей, Қазақстан, Беларусь және Армения президенттері қол қойған.
Желтоқсанның 4-інде келісімді Армения парламенті мақұлдаған.