Accessibility links

Ыдырысов: Қазақстан санкцияға алаңдайды


Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

"Қазақстан Украина дағдарысына байланысты санкция салу саясатының қолданылуына аса алаңдайды" деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Ол мұны желтоқсанның 10-ында АҚШ-қа жасаған сапарында осы елдің мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесуінде айтты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ыдырысов пен Керри екі ел ынтымақтастығының бірқатар мәселелерін талқылаған.

Министрлер халықаралық мәні бар кейбір оқиғаларды, оның ішінде Украинадағы жағдайды да сөз еткен. Ыдырысов Украинадағы қақтығыстың жалғасуына, санкция салу саясатының қолданылуына, осы дағдарысқа байланысты Қазақстан негізгі серіктестерінің қарым-қатынасы нашарлағанына алаңдайтынын айтқан. Кездесуде тараптар Украинадағы қақтығысты тезірек тоқтатудың, қайшылықтардың бейбіт жолмен, оның ішінде Минскіде жасалған келісімдер негізінде шешудің маңыздылығын сөз еткен.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұған дейін "РИА-Новости" агенттігіне берген сұхбатында Кеден Одағының келісімдеріне сүйеніп, болашақта Қазақстан мен Беларусь те Мәскеудің Батыс санкцияларына қарсы жауап шараларына қосылуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтқан.

Бірақ Беларусь сыртқы істер министрлігі Лавровтың бұл сөзіне орай "Минск Мәскеудің Батыс елдеріне қарсы санкцияларына қосылу туралы мәселе көтермейтінін" ескерткен.

XS
SM
MD
LG