Accessibility links

ҰҚК: Қамаудағы Жоламановтың денсаулығы нашарламаған


Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамауда отырған шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановтың "денсаулығы күрт нашарлап кетті" деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Жүргізілген тәуелсіз медициналық тексерулерде Жоламановты уақытша тергеу изоляторында ұстауға кедергі боларлықтай ауруы анықталмады. Жоламановтың үстінен түрлі коммерциялық құрылымдардан ұйымдасқан қылмыстық топ арқылы пара алу айыбы бойынша қозғалған іс бойынша тергеу желтоқсанның 3-інде аяқталды" делінген ҰҚК-нің ресми сайтында.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдарында абақтыда Нұрлан Жоламановтың қан қысымы қатты көтеріліп, басы айналғаны туралы ақпараттар шыққан.

ҰҚК бұған қоса Жоламановтың күнделікті серуендеуіне, сәлемдеме алуына, кездесуіне, медициналық көмек алуына шектеу қойылмағанын айтады.

Нұрлан Жоламанов қазанның 27-сі күні «ҰҚК шекара қызметінің лауазымды тұлғаларының қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану фактілерін тексеру аясында» күдікті ретінде ұсталғаны хабарланған. Ал қазанның 29-ы күні Ақмола сотының әскери гарнизоны оны желтоқсанның 27-сіне дейін қамауға санкция берген.

Жоламанов 2013 жылдың қаңтарынан бастап шекара қызметін басқарған.

XS
SM
MD
LG