Бүгін Орал қаласының орталығындағы алаңға он шақты азаматтық белсенді жиналып, 2011 жылы 16-17 желтоқсан күндері Жаңаөзен мен Шетпеде қаза тапқан азаматтарды еске алды.
Жиналғандардың көбі - коммунистік партия филиалының мүшелері, «Абырой» және «Поколение» қоғамдық бірлестіктерінің белсенділері.
«Бейбіт жұмысшыларды атуға бұйрық берген адамдар неге әлі күнге дейін жауапкершілігін алмады? Біз әділдік жеңеріне сенеміз» деп мәлімдеді коммунистік партия филиалының хатшысы Оксана Терновская.
2011 жылы желтоқсанның 16-сында - тәуелсіздік күні Жаңаөзендегі мұнайшылардың бірнеше айға созылған наразылықтары полицияның қарусыз адамдарға оқ атуымен аяқталды. Бұл оқиғадан, ресми мәлімет бойынша, 16 адам қаза тапты. Желтоқсанның 17-сінде Шетпе станциясында жаңаөзендіктерді қолдап, қарусыз адамдарға оқ атылғанына наразылық білдірген тұрғындар мен полиция қақтығысып, ресми ақпар бойынша тағы бір адам мерт болды. Биліктің мәліметінше Жаңаөзен мен Шетпедегі қақтығыстардан 100-ге тарта адам жараланған.