Парламент мәжілісі бүгін Арменияның Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіруі туралы келісімді мақұлдады.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, келісім күшіне енгенде Армения ЕАЭО-ның мүшесі атанып, ЕАЭО және Кеден Одағы туралы келісімдерде қарастырылған міндеттемелерді мойнына алады.
Арменияның ЕАЭО-ға кіруі туралы келісімге қазанның 10-ы күні Минскіде Ресей, Қазақстан, Беларусь және Армения президенттері қол қойған.
Келісімді желтоқсанның 4-інде Армения парламенті, желтоқсанның 10-ында Ресей мемлекеттік думасы мақұлдаған.
Бұған дейін мәжілістің баспасөз қызметі Азаттыққа келісімнің қашан талқыланатынын айта алмайтынын білдірген.