Беларусь президенті Александр Лукашенко ел үкіметіне "Ресеймен сауда-саттықта АҚШ доллары және еуромен есеп айырысуға" бұйрық берді.
Желтоқсанның 18-інде Минскіде үкімет жиынында сөйлеген Лукашенко: "Ресеймен саудада доллармен есеп айырысуды бастау туралы міндеттер нақтыланды" деді. Ол "Беларусь Ресейден барлық төлемді тек доллармен немесе еуромен жасауды әлдеқашан-ақ талап етуі тиіс" болғанын айтты.
Ресей рублінің бағамы соңғы апталарда бірден құлдыраған. Рубльдің құнсыздануы Ресейдің Кеден одағындағы және қаңтар айынан бастап күшіне енетін Еуразия экономикалық одағындағы серіктері - Қазақстан және Беларусьпен қарым-қатынасына да әсер ете бастаған.
Минск бұған дейін Мәскеудің Батыс елдеріне салған азық-түлік эмбаргосына қосылмаған. Ресей қараша айының соңында Беларусьтің бірқатар ет және сүт өнімдерін "құрамынан зиянды заттар табылды" деп тасымалдауға тыйым салған соң екі ел арасында экономикалық тұрғыда келіспеушіліктер туындаған.