Accessibility links

"Постер ісінің" апелляциясы қанағаттандырылмады


Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің директоры Дария Хамитжанова мен өкілі Жохар Өтебеков. Алматы, 18 желтоқсан 2014 жыл.
Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің директоры Дария Хамитжанова мен өкілі Жохар Өтебеков. Алматы, 18 желтоқсан 2014 жыл.

Алматы қалалық соты бүгін Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің Алмалы аудандық сотының шешіміне қарсы берген шағымын қанағаттандырмай тастады.

Аудандық сот қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыс ақыны Александр Пушкинді сүйісіп тұрған кейіпте бейнелеген постерге бола агенттіктің 34 талапкерге 34 миллион теңге (шамамен 187 мың доллар) төлеуін талап еткен. Ол шешімді бірінші инстанциядағы сот та мақұлдап, агенттіктің постерді жасағаны және жариялағаны үшін кешірім сұрауын бұйырған.

Havas Worldwide Kazkahstan агенттігінің директоры Дария Хамитжанова Азаттыққа апелляциялық сот шешіміне енді кассациялық шағым беретіндерін айтты. Дария Хамитжанова мен агенттік өкілі Жохар Өтебеков бұған дейін "талап иелерінің Құрманғазы мен Пушкинге еш қатысы жоғын, әрі олар постердегі суретті теріс ұққан" деп санайтынын айтқан.

34 талапкер - Құрманғазы атындағы консерваторияның 11 қызметкері мен 13 студенті және 10 музыканты - ол постер "композитордың ұрпақтарын ғана емес, өнерді жақсы көретін барша адамның ары мен ұятын қорлағанын" айтып арызданған.

Постер биыл тамызда әлеуметтік желі арқылы таралған соң дау шыққан. Сот бұған дейін жарнама агенттігі мен директорына 1700 доллар көлемінде айыппұл салған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы постерді салған агенттікке қарсы арыздан бас тартуға шақырған.

XS
SM
MD
LG